Инвестиция – өңір дамуының өзегі

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ел бойынша бизнесті қолдау және инвестиция тарту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Бұл үдерістен Абай облысы да шет қалған жоқ — өңірде нақты нәтиже беріп отырған жобалар саны мен инвестициялық белсенділік айтарлықтай артқан.
Жыл басынан бері өңірде іске асырылып жатқан жобалар саны 29-дан 97-ге дейін өскен. Ал тартылған инвестициялар көлемі 2,2 триллион теңгеден 3,2 триллион теңгеге дейін ұлғайып, кәсіпкерлік пен өндіріс саласында серпінді қозғалыс қалыптасты. Бұл – өңір экономикасының нақты өсіп келе жатқанын көрсететін айқын көрсеткіш.
Бүгінде 46 жоба Ұлттық цифрлық инвестициялық платформаға енгізілді. Биылғы жоспар бойынша 11 жоба іске асырылуы тиіс болса, оның үшеуі қазірдің өзінде табысты жүзеге асқан. Жалпы сомасы 3 миллиард теңге, 72 жаңа жұмыс орны – бұл тек статистика емес, адамдардың нақты өміріндегі өзгеріс.
Жыл соңына дейін тағы 8 жоба іске қосылады деп жоспарлануда. Олардың жалпы құны 22,7 миллиард теңгені құрайды және 552 жаңа жұмыс орны ашылады.
Сонымен қатар, облыста өңірлік инвестициялық жобалар пулы жасақталған. Құны 13 миллиард теңгеге тең 12 жоба биылдың өзінде жүзеге асырылып жатыр. Нәтижесінде 310 адамға жаңа жұмыс мүмкіндігі беріледі.
Инвестиция – құрғақ сан емес. Бұл – жаңа кәсіпорындар, әлеуметтік тұрақтылық, тұрғындардың табысы мен өңірдің келешегі.
Абай облысында қалыптасып жатқан инвестициялық ахуал – экономикалық өсу мен жаңашылдыққа жол ашқан нақты мысал.


