Инфляцияны еңсерудің жолы

Қазақстан Ұлттық Банкінің қазан айындағы сауалнамасына сәйкес, алдағы 12 айдағы күтілетін инфляция деңгейі 13,6 пайызды құрайды. Ал Үкіметтің ресми есебі бойынша, қазан айында инфляция 12,9 %-дан 12,6 %-ға төмендеген. Бұл – бағалардың өсу қарқыны бәсеңдеп келе жатқанымен, халық үшін мәселе өзекті күйінде қалып отырғанын білдіреді.
Бағаның ең көп өскен түрлері – ет, көкөніс, жеміс-жидек, сүт өнімдері мен шұжық. Сонымен қатар дәрі-дәрмек, тұрмыстық химия, киім мен аяқкиім, коммуналдық және медициналық қызметтер де айтарлықтай қымбаттаған.
Мәселен, Семей қаласында соңғы айларда азық-түлік бағасы орта есеппен 10–15 пайызға көтерілген. Қала тұрғындары күнделікті шығынның ай сайын артып отырғанын айтады.
Үкімет 2026 жылға қарай инфляцияны 9–11 пайыз деңгейіне дейін төмендетуді мақсат етіп отыр. Ол үшін бағаны бақылау шаралары, әлеуметтік маңызы бар тауарлар қоры, логистиканы жақсарту және ішкі өндірісті арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасуда.
Дегенмен, баға тұрақтылығы тек мемлекеттік саясатқа ғана емес, әр азаматтың қаржылық сауаттылығына да байланысты.
Сондықтан:
• Ай сайынғы кіріс пен шығынды есептеп отыру қажет;
• Артық тұтынудан бас тартып, шығынды жоспарлы түрде бөлу керек;
• Маусымдық және отандық өнімдерді таңдаған тиімді;
• Қаржылай сауатты болу — отбасының тұрақтылығын сақтаудың ең сенімді жолы.
Бүгінде инфляция — тек макроэкономикалық көрсеткіш емес, әр отбасының өмір сапасына тікелей әсер ететін фактор. Сондықтан саналы тұтыну мен ұқыпты жоспарлау — экономикалық тұрақтылықтың басты кепілі.



