Шәкәрімнің сырлы саптыаяғы

Шәкәрім Құдайбердіұлына тиесілі шоқпар мен саптыаяқ – көп адам біле бермейтін, бірақ өте құнды жәдігер. Әсіресе саптыаяқ – бұрынғы қазақ тұрмысында ерекше орын алған ыдыс. Қонақ күткенде, сый-құрмет көрсеткенде қолданылған. Ал дәл осындай саптыаяқ Шәкәрімнің қолында болғаны оны тіпті бағалы тарихи мұраға айналдырады.
Бұл екі бұйым былтыр Түркістандағы «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінен Семейге арнайы әкелінді. Жәдігерлерді кезінде Құнанбай қажының әкесі Өскенбайдың ағасы Мырзатайдың ұрпақтары сақтап келген. Кейін оларды музейге тобықты руының азаматы Ернұр Мұсабайұлы тапсырған.
Қазір шоқпар мен саптыаяқ Семейдегі мәдени мекеменің қорында сақтаулы. Ғалымдар бұл заттар Шәкәрімнің өмірін түсінуге, оның дәуірін көз алдына елестетуге көмектеседі дейді.
Егер осы көне бұйымдарды көруді қаласаңыз, Семейдегі Абай музейінен тамашалай аласыз.



