Май ұрттап, ет күтіп отырған өңір

Абай облысында биыл қайта өңдеу саласын дамытуға бағытталған екі ірі жоба іске қосылады деп хабарланды. Біріншісі — желтоқсанда жұмысын бастайды делінген 8,2 млрд теңгелік күнбағыс майын өндіру желісі. Екіншісі — 2026 жылы ашылатын, құны 7,7 млрд теңге болатын ет комбинаты. Ресми мәліметтерге сүйенсек, бұл жобалар экспортты арттырып, өңір экономикасына жаңа тыныс береді.
Алайда өңір тұрғындарының көзқарасы бұдан гөрі сабырлы. Себебі Абай облысында бұған дейін де түрлі салтанатты ленталар қиылғанымен, олардың кейбірі ұзақ өмір сүрмегені белгілі. Жобалар жарияланып, уәделер айтылып, бірақ кейін сол нысандардың жұмыстарын бақылау мен нәтижесін сұрағанда, нақты дерек табылмай қалатын кездер болған.
Сондықтан халықтың сұрағы орынды: миллиардтаған қаржы бөлінген өндірістер шынымен де өңірді алға сүйрей ме, әлде жақсы презентациядан әрі аспай ма? Қағаздағы жоспар мен нақты нәтиже арасында жиі айырмашылық болатынын аймақ біледі.
Бұл жолы да жұрт асықпай, нақты жұмысты күтуді жөн санап отыр. Уәде — көп, ал сенім — нәтиже шыққанда ғана күшеймек.



