Абайдың көне кісе белбеуі

Қазақ шеберлерінің жұмысын айқын көрсететін бұл кісе белбеу — Абайдың өлкетану музейіне тапсырған құнды жәдігерінің бірі. Музейдегі ескі кітаптардың бірінде кімнен қабылданғаны жөнінде ақпар бар. Онда «Дар Ибрагима Кунанбаева. Чингизская волость, Семипалатинскаго уезда» деп жазылған.
Ұзындығы 110 сантиметр болатын белбеудің бетінде төртбұрышты, тармақты және жұлдызша пішінді 17 металл әшекей орнатылған. Белбеу бір кіседен және екі оқшантайдан тұрады.
Кісе белбеуге ұзындығы 11 сантиметр үш қайыс жалғанған, олардың ұштары күміспен қапталып, темірмен бекітілген.
Ені 18 сантиметр болатын кісенің өзі жарты шеңбер үлгісінде жасалған. Бұрышында ирек жиекті төртбұрышты металл әшекейлер, ал дәл ортасында диаметрі 6 сантиметр он тармақты үлкен жұлдызша орналасқан. Кісенің айналасына әртүрлі тоғыз кіші жұлдызша бекітілген. Оқшантайлар да дәл осы мәнерде безендірілген.
Абайдың әдеби-мемориалдық музейі Ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығына қатысты құнды жәдігерлерді сақтап отырған маңызды мәдени орталық. Абай тапсырған осы кісе белбеу музей қорындағы ең көне әрі бағалы бұйымдардың бірі.



