Мәдениет

Өнер додасының үздіктері белгілі болды

Семейдегі Абай атындағы театрда «Абай елі – өнер кеніші» облыстық көркемөнерпаздар байқауының қорытынды гала-концерті өтіп, үздік өнер ұжымдары марапатталды. Биыл екінші рет ұйымдастырылған ауқымды мәдени жобаға өңірдің он ауданынан екі мыңға жуық өнерпаз қатысты.

Байқау облыс әкімдігінің қолдауымен және Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен өтті. Қатысушылар аудандық кезеңдерде іріктеліп, үздіктері облыстық финалға жолдама алған.

Гала-концерт барысында көрерменге ән-күй, жыр-терме, театрландырылған қойылымдар ұсынылып, қазақтың салт-дәстүрі мен ұлттық құндылықтары кеңінен насихатталды.

Шараға облыс әкімі Берік Уәли қатысып, өнер ұжымдарын құттықтады. Аймақ басшысы Абай өңірінің қазақ руханиятындағы орнына тоқталып, өнердің ұлт болмысын сақтаудағы маңызын атап өтті.

Байқау қорытындысы бойынша ІІІ орын Бесқарағай және Аягөз аудандарына бұйырып, оларға 5 миллион теңгелік сертификат табысталды. ІІ орынды Жарма ауданы иеленіп, мәдениет үйіне музыкалық аппаратура берілді. І орын алған Үржар ауданына шағын автобус сыйға тартылды. Ал бас жүлдені жеңіп алған Абай ауданының мәдениет үйіне заманауи құрылмалы сахна кешені тапсырылды.

Өңірде мәдени инфрақұрылымды дамыту жұмыстары да жалғасуда. Қазіргі таңда Үржар, Мақаншы және Ақсуат аудандарында жаңа мәдениет нысандары салынып жатыр. Бүгінде Абай облысында 300-ге жуық мәдениет мекемесі жұмыс істейді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button