Аңыз болып қалған махаббат – Қозы мен Баян мекені

Аягөз ауданы, Тарлаулы ауылынан 6 шақырым жерде орналасқан «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» кесенесі – еліміздегі ең көне ғашықтық жырға арналған сәулет ескерткіштерінің бірі. Ғалымдар нысанды VIII–IX ғасырлармен мерзімдейді.
Аңыз бойынша, Қозы мен Баян махаббатына арналып тұрғызылған бұл кесенені мыңдаған адам Аягөз өзені бойындағы биік белеске тас тасытып тұрғызған. 1856 жылы Шоқан Уәлиханов кесене жанында болған төрт тас мүсінді қағазға түсіріп алған. Бүгінде ол мүсіндер сақталмады.
Кесене табиғи қалақ тастардан төрт қырлы пішінде қаланған, биіктігі – 12 метр, ені – 5,6 метр. Республикалық маңызы бар ескерткіш ретінде мемлекеттік қорғауға алынған. 2002 жылы ғылыми-реставрациялық жұмыстар жүргізілді.
Тарихи нысанға баруға қолайлы болу үшін 2014 жылы Таңсық ауылынан кесенеге дейін 13 шақырым асфальт жол салынып, Аягөз өзені арқылы көпір орнатылды.
Қазіргі уақытта кесене туристер үшін ашық, мәдени-ағартушылық мақсатта пайдаланылуда.



