«Абайға құрмет»: өңірлер Семейге сый тартуда

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Абай облысында «Абайға құрмет» республикалық акциясын жүзеге асыру мәселелері бойынша кеңес өткізді.
Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған акция ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған. Бастама аясында еліміздің барлық өңірлері мен республикалық маңызы бар қалалар Абай облысына бір-бір әлеуметтік немесе мәдени нысан сыйға тартады.
Кеңесте Семей қаласының Бас жоспарына өзгерістер енгізу, арнайы экономикалық аймақ құру мәселелері қаралды. Жоспар бойынша АЭА құрамына 1200 гектар аумақта жаңа әкімшілік-іскерлік орталық, заманауи тұрғын үй кешендері мен 40-тан астам әкімшілік, коммерциялық және әлеуметтік нысан кіреді. Сонымен қатат инженерлік инфрақұрылым қазандық, жылу, электр, су құбыры және су бұру жүйелерін салу туралы да талқыланды.
Абай облысының әкімдігі өңірлермен бірлесіп, акция аясындағы жобаларды қарқынды түрде іске асыруда. Маңғыстау облысы алғашқы болып қолдау білдіріп, Семейде Достық үйінің құрылысын бастап кетті.
Бірқатар өңірлердің сыйлық нысандары анықталды:
- Түркістан облысы — көрме орталығы
- Қызылорда облысы — «Анаға тағзым» ғимараты
- Атырау облысы — «Абай әлемі» орталығы
- Шымкент — Шығармашылық орталығы
- Солтүстік Қазақстан облысы — Мемлекеттік рәміздер алаңы
- Шығыс Қазақстан облысы — Ертіс жағалауын абаттандыру
- Ақтөбе облысы — Жекпе-жек сарайы
- Павлодар облысы — Үстел теннисі орталығы
- Астана — «Келешек» мектебі
- Алматы — медиаорталық
- Қарағанды облысы — ботаникалық бақ
- Батыс Қазақстан облысы — желілік саябақ
- Қостанай облысы — Руханият орталығы
Қанат Бозымбаев өңірлерге жобаларды тезірек айқындап, іске асыру жұмыстарын жеделдетуді тапсырды.


