Гид

Қос ғашықтың ізі қалған жер

«Еңлік–Кебек» тарихи кешені Абай облысының Шыңғыстау өңірінде орналасқан және қазақ халқының рухани мұрасындағы ең танымал махаббат трагедиясымен байланысты. XVIII ғасырда өмір сүрген Еңлік пен Кебек сол кезеңдегі қоғамдық тәртіп пен рулық қақтығыстардың салдарынан қаза тапқан. Олардың тағдыры халық жадында адалдық пен әділетсіздікке қарсы рухтың көрінісі ретінде сақталып келеді.

Ескерткіш алғашында белгі тас ретінде тұрғызылып, 1960 жылдары қайта жаңғыртылды. Қазіргі уақытта нысан тарихи-мәдени ескерткіш мәртебесіне ие. Қос ғашықтың оқиғасы Шәкәрім Құдайбердіұлының поэмасында және Мұхтар Әуезовтің драмалық туындысында көркем түрде бейнеленіп, ұлттық әдеби мұраға айналды.

Кешен Семей қаласынан шамамен 120 шақырым жерде орналасқан. Оған Шыңғыстау бағыты арқылы Шыңғыс ауылының тұсынан өтетін жолмен жетуге болады. Жолға кететін уақыт орта есеппен 2–2,5 сағатты құрайды. Нысанға жеке көлікпен де, ұйымдастырылған туристік топтар құрамында да баруға мүмкіндік бар. Аумақта келушілерге арналған автотұрақ қарастырылған. Жол бойында Шыңғыстау өңірінің табиғи көріністері мен тарихи орындары көз тартып, сапардың танымдық мәнін арттыра түседі.

Абай облысы тарихи-мәдени мұраға бай өңір саналады. Осындай рухани маңызы зор нысандарды таныстыру мен насихаттау – өңір тарихын сақтау мен ұрпақ санасына сіңірудің маңызды бөлігі. Abay Life редакциясы оқырмандарды Абай жеріндегі тарихи және тағылымды орындармен жүйелі түрде таныстырып отыруды жалғастырады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button