Бесқарағай ауданындағы екі ауылда 4G интернет желісі іске қосылды

Бесқарағай ауданының Ерназар ауылдық округіне қарасты «Морозов» орман шаруашылығы мен Канонерка ауылдық округінің Қара-Мырза ауылында 4G мобильді интернет желісі қолданысқа берілді.
Жалпы саны 550-ге жуық тұрғыны бар елді мекендер үшін бұл жаңалықтың маңызы зор. Ауыл тұрғындары интернеттің қосылуы әлеуметтік және экономикалық салалардың дамуына оң әсер ететінін атап өтті.
4G желісінің іске қосылуы, әсіресе, орман шаруашылығы қызметкерлерінің жұмысын жеделдетуге және тиімділігін арттыруға мүмкіндік беріп отыр. Бұл қадам ауданның шалғай аумақтарындағы байланыс сапасын жақсартуға бағытталған жүйелі жұмыстардың жалғасы саналады.
Сонымен қатар, жыл соңына дейін Аягөз, Ақсуат және Жарма аудандарындағы бірқатар ауылдарды интернет желісіне қосу жоспарланған. Бұдан бөлек, Абай облысында халық аз қоныстанған 26 ауыл OneWeb спутниктік технологиясы арқылы жоғары жылдамдықты интернетпен қамтылды.



