Семейде заңсыз құрылыстар бойынша мәселе кезең-кезеңімен шешілуде

Қоғамдық қауіпсіздік пен заң талаптарын сақтау Семей қаласында басты назарда. Соңғы үш жылда (2022–2024) қалада құрылысы заңға қайшы басталған, 547 үлескері бар 17 көпқабатты коммерциялық тұрғын үй анықталған. Оның 9 нысаны бойынша соттың мәжбүрлеп бұзу туралы шешімдері шыққан.
Мәселені шешу үшін құжаттары заңдастырылмаған, бірақ құрылысы аяқталып, пәтерлері толық сатылған нысандардағы азаматтар «пәтер иелері» санатына ауыстырылды. Ал құжатсыз құрылыс бастап, қылмыстық іс қозғалған нысандардағы сатып алушылар «өзекті үлескерлер» ретінде сот арқылы рәсімделіп жатыр.
Нәтижесінде бүгінде 229 үлескері бар 8 көпқабатты тұрғын үй бойынша заңдастыру бағытында нақты нәтижелерге қол жеткізілді. Бірқатар нысандар пайдалануға қабылданып, кейбірі қажетті сараптама қорытындыларын алды.
Аталған жұмыстар үлескерлердің құқығын қорғап, қаладағы құрылыс саласындағы заңдылықты қамтамасыз етуге бағытталған.



