Басты жаңалық

Әкімдік отырысында бюджет, ауыз су және қолжетімді орта мәселелері қаралды

Бүгін Берік Уәли төрағалығымен әкімдік отырысы өтті. Жиында 2025 жылдың қорытындысы бойынша облыстық бюджеттің атқарылу болжамы, тұрғындарды ауыз сумен қамту барысы, ерекше қажеттіліктері бар азаматтар үшін инфрақұрылым нысандарын бейімдеу және 2026 жылға арналған жоспарды бекіту мәселелері талқыланды.

Отырысқа облыстық басқарма басшылары мен өңірлік департамент жетекшілері қатысты. Аудан және қала әкімдері бейнережимде қосылды.

Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша қаржы басқармасының басшысы Гүлфайрус Серікболова, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Раджан Сейтқанов, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Айман Нұрлыбекқызы баяндама жасады.

1 желтоқсандағы жағдай бойынша облыстық бюджет жоспары 122,7 пайызға орындалып, 19,4 млрд теңге игерілді. Қалалар мен аудандарда 121,4 млрд теңге игеріліп, жоспар 105,1 пайызға орындалды. Мемлекет басшысының халықты 100 пайыз ауыз сумен қамту жөніндегі тапсырмасы аясында биыл облыста 33 жоба жүзеге асырылуда.

Сондай-ақ облыс бойынша мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін қолжетімді орта қалыптастыру жұмыстары жалғасуда. 2026 жылы әлеуметтік инфрақұрылымның 200 нысанын бейімдеу жоспарланып отыр.

Аймақ басшысы салаға жауапты орынбасарлар мен әкімдерге 2025 жылға бөлінген қаржыны толық әрі тиімді игеруді, жобалардың мерзімінде аяқталуын қатаң бақылауға алуды тапсырды. Сонымен қатар ауыз су жобаларын уақытында іске асыру және әлеуметтік нысандарды бейімдеу жұмыстарын жандандыру қажеттігін атап өтті.

Басқа жаңалықтар

Back to top button