Мәдениетке қоғамның көзқарасы қандай?

Абай облысында жүргізілген сауалнама өңір тұрғындарының мәдени үдерістерге бейжай қарамайтынын көрсетті. Қатысушылардың 82 пайызы мәдениет саласының даму бағытын оң бағаласа, 74 пайызы цифрлық жаңғыруды тиімді деп таныды.
Сауалнама нәтижесі жастардың да бұл үдеріске белсенді араласуға дайын екенін аңғартады. Респонденттердің 67 пайызы мәдени жобаларға ерікті ретінде қатысуға ниетті. Сонымен қатар тұрғындардың басым бөлігі ауылдық мәдениет нысандарын жаңарту қажет деп есептейді. Ал 65 пайызы кітапханаларды тек оқу орны емес, заманауи мәдени орталық ретінде қабылдайды.
Бұл деректер мәдени саясаттың қоғам пікіріне сүйеніп қалыптасып келе жатқанын және салаға деген сенімнің артқанын дәлелдейді.
2025 – мәдени серпін жылы
2025 жыл Абай облысы мәдениет саласы үшін маңызды кезең болды. Алдағы уақытта өңірде мәдени инфрақұрылымды жаңғыртуға және мазмұнды жобаларды кеңейтуге басымдық беріледі.
Жоспарға сай «Jaña klub» пен «KITAP LAB» жобалары кеңейтіліп, музей қорларын цифрландыру жалғасады. Сондай-ақ «Руханият әлемі» атты бірыңғай мәдени ақпараттық платформа іске қосылып, ауылдық жерлерде мобильді мәдени қызмет көрсету жүйесі енгізіледі.
Мәдениет – ел рухының өзегі. Абай елі – руханият пен жаңғырудың алтын арқауы. Алдағы міндет – осы бағыттағы тұрақты дамуды қамтамасыз ету.



