Басты жаңалық

Абай гарнизонында алып сарбаз қызмет етіп жүр

Абай гарнизонында бойы 2 метр 10 сантиметр болатын қатардағы жауынгер Илья Хальчуков мерзімді әскери қызметін өтеп жүр.

Илья Петропавл қаласында туған. Азаматтық өмірде автокөлік жөндеуші болып жұмыс істеді. Әскерге бару туралы шешімін ата-анасы қолдаған.

Қазір ол жөндеу ротасында қызмет етеді. Негізгі міндеті – әскери техниканың уақытылы жөнделуі мен жарамды күйде болуын қамтамасыз ету. Ерекше бойына қарамастан, сарбаз қызметке тез үйреніп, тапсырмаларды жауапкершілікпен орындап жүр.

Ильяның айтуынша, бойдың ұзындығы саптық дайындық пен дене шынықтыру жаттығулары кезінде пайдалы.
«Әскерде ең бастысы – тәртіп пен жауапкершілік. Бойыммен көзге түсетінім рас, бірақ оны ешқашан мәселе деп санаған емеспін. Қызмет етіп жүргеніме мақтанамын», – дейді ол.


Бөлім басшылығы сарбаздың ерекшелігін ескерген. Әскери киім арнайы өлшеммен тігіліп, аяқ киім жеке тапсырыспен алынды. Жатын орны да бойына сай бейімделген. Бұл оның қызметін толық әрі сенімді атқаруына мүмкіндік беріп отыр.

Басқа жаңалықтар

Back to top button