Аймақ инфрақұрылымын күшейту міндеті қойылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтарды дамыту мәселесіне арналған жиында өңірлер арасындағы әлеуметтік-экономикалық теңсіздікті азайту және халықтың әл-ауқатын арттыру негізгі мақсат болып қала беретінін айтты.
Президенттің тапсырмасымен былтыр 2030 жылға дейінгі аймақтарды дамыту тұжырымдамасы бекітілген. Соңғы жылдары өңірлер экономикасында өсім байқалғанымен, шешімін күткен мәселелер әлі де бар.

Атап айтқанда, аймақтардың инфрақұрылыммен қамтылу деңгейі орта есеппен 64,1 пайызды құрайды және өңірлер арасында айтарлықтай айырмашылық сақталып отыр. Әсіресе жаңадан құрылған облыстарда инфрақұрылым жеткіліксіз, кейбір өңірлерде де жағдай күрделі күйінде қалып отыр.
Мемлекет басшысы аймақ басшыларына экономиканы әртараптандыруға, халық табысын арттыруға, инфляцияны тежеуге, инвестиция тартуға және шағын әрі орта бизнесті дамыту арқылы жаңа жұмыс орындарын ашуға басымдық беру қажеттігін тапсырды.



