Халықпен қайта қауышқан әндер

Семей қаласындағы Абай атындағы қазақ музыкалық драма театры өнер мен руханият тоғысқан ерекше кештің куәсі болды. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, белгілі композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жерлесіміз Төлеген Мұхамеджановтың «Туған жерге тағзым» атты шығармашылық кеші көрерменге көтеріңкі көңіл күй мен әсерлі сәт сыйлады.
Туған жерге деген сағыныш, ұлттық музыкаға деген құрмет пен сахна мәдениеті үйлесім тапқан кешке Абай облысының әкімі Берік Уәли қатысып, өнер иелеріне құрмет көрсетті. Аймақ басшысы қазақ музыка өнерінде өзіндік орны бар сазгер Төлеген Мұхамеджанов пен оның өмірлік серігі, Қазақстанның Халық әртісі Нұржамал Үсенбаеваның иығына шапан жауып, ел ықыласын жеткізді.

Кеш барысында облыс әкімі композитор шығармашылығы қазақ өнерінің алтын қорына енгенін атап өтті.
– Төлеген ағамыздың шығармалары бірнеше буынның жүрегінен орын алды. «Балалық шақ», «Махаббат бекеті» сынды әндер халықпен бірге жасап келеді. Бүгінгі шығармашылық кеш – тек концерт емес, бұл туған жерге деген тағзым, өнерге деген құрмет. Көрермен екі жарым сағат бойы нағыз рухани кештің куәсі болды. Симфониялық туындылар, камералық музыка, романс жанрындағы шығармалар мен театр және кино қойылымдарына арналған музыкалар – барлығы да қазақ өнерінің биік деңгейін көрсетті. Үлкен сахнада жүргеніңізге жарты ғасырдан асты. Өнеріңіз өрлей берсін, – деді Берік Уәли.
Шығармашылық кеште Астана қаласы әкімдігінің Еркеғали Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармониясының оркестрі мен камералық хоры өнер көрсетті. Кәсіби музыканттардың сүйемелдеуімен композитордың көпшілікке кеңінен танылған шығармалары орындалды.

Концерт барысында «Балалық шақ», «Дала», «Шабуыл», «Махаббат бекеті», «Заманай», «Астана» секілді туындылар шырқалып, көрермен ыстық ықыласпен қабылдады. Әсіресе көпшілік жүрегінен орын алған әндер орындалған сәтте зал ерекше әсерге бөленді.
Кештің көркін Қазақстанның Халық әртісі Нұржамал Үсенбаева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Нұрлан Өнербаев, Сәкен Майғазиев, Бауыржан Исаев, Сүндет Байғожин, сондай-ақ жас буын өнерпаздары Әміре мен Рухия Байдукенова сынды танымал әншілердің өнері аша түсті. Әр орындаушы көрерменге ерекше эмоция сыйлап, шығармалардың мазмұны мен тереңдігін жеткізе білді.

Кеш соңында семейлік көрермен өнер майталмандарына ұзақ уақыт қол соғып, зор қошемет көрсетті. «Туған жерге тағзым» шығармашылық кеші тек музыкалық бағдарлама ғана емес, ұлттық өнер мен рухани құндылықтарды дәріптеген тағылымды мәдени оқиғаға айналды.



