Семейде «Абай жастары» тұрғын үй бағдарламасына өтінім қабылдау басталды

Семей қаласында жастарды қолдауға бағытталған «Абай жастары» тұрғын үй бағдарламасы аясында қатысушылардан өтінім қабылдау басталды. Аталған бағдарлама жас мамандарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуді көздейді.
Бағдарлама шарттарына сәйкес, тұрғын үй бастапқы және екінші нарықтан сатып алынады. Несие бойынша жылдық пайыздық мөлшерлеме 5 пайызды құрайды. Қарызды өтеу мерзімі 19 жылға дейін, ал бастапқы жарна несие сомасының 10 пайызы көлемінде белгіленген. Бір қатысушыға берілетін ең жоғары несие мөлшері – 20 миллион теңге.
Бағдарламаға қатысу талаптары
«Абай жастары» тұрғын үй бағдарламасына қатысу үшін үміткерлер төмендегі талаптарға сай болуы тиіс:
- Семей қаласында тұрақты тіркеуде тұруы;
- Өтініш берушінің және онымен бірге тұратын отбасы мүшелерінің соңғы 5 жыл ішінде меншігінде тұрғын үй болмауы, сондай-ақ сатып алу құқығымен немесе жалға алынған тұрғын үйде тұрмауы;
- Үміткердің жасы 18 бен 35 жас аралығында болуы;
- Ерлі-зайыптылар қатысқан жағдайда, жұбайлардың екеуінің де жасы 35-тен аспауы қажет.
Сонымен қатар мәдениет, спорт, денсаулық сақтау, бұқаралық ақпарат құралдары салаларында, сондай-ақ мемлекеттік және бюджеттік мекемелерде кемінде 1 жыл ресми еңбек өтілі бар азаматтарға басымдық беріледі. Үйге мұқтаж азаматтар санатына кіретін тұлғалар (жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жастар) да бағдарламаға қатысуға құқылы.
Қажетті құжаттар тізімі
Бағдарламаға қатысу үшін үміткерлер келесі құжаттарды ұсынуы тиіс:
- Белгіленген үлгідегі өтініш;
- Өтініш беруші мен отбасы мүшелерінің Қазақстан Республикасы аумағында тұрғын үйінің бар-жоғы туралы анықтама;
- Соңғы 1 жылдағы зейнетақы аударымдары туралы үзінді көшірме («Электрондық үкімет» порталы арқылы);
- Отбасы құрамын растайтын құжаттар (неке қию немесе бұзу туралы куәлік, баланың туу туралы куәлігі – болған жағдайда);
- Жұмыс орнынан анықтама (лауазымы, еңбек өтілі және жалақы мөлшері көрсетілуі тиіс);
- Еңбек өтілін растайтын құжаттар (еңбек кітапшасы, қызметтік тізім және т.б.).
Ұсынылатын анықтамалардың алынған күні 10 күнтізбелік күннен аспауы тиіс. Қажет болған жағдайда уәкілетті орган қосымша құжаттар сұратуға құқылы.
Өтінім қабылдау мерзімі мен орны
Өтінімдер 2026 жылғы 5 қаңтардан 12 қаңтарға дейін (жұмыс күндері) қабылданады.
Қабылдау уақыты: сағат 09:00-ден 13:00-ге дейін.
Өтінім тапсыру орны: Абай облысы, Семей қаласы, Абай көшесі, 97, 2-қабат, 211-кабинет («Тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» ММ).
Құжаттарды қабылдау аяқталғаннан кейін бөлім мамандары тексеру жұмыстарын жүргізеді. Тексеру мерзімі 10 күнтізбелік күнге дейін созылады. Құжаттары толық әрі талаптарға сай келген үміткерлерге бұл туралы хабарланады. Белгіленген мерзімде келмеген жағдайда қатысушының бағдарламаға қатысу құқығы жойылады.



