Автолизингтің қыр-сыры

Қазақстанда жеке тұлғаларға арналған автолизинг іске қосылып, көлік сатып алудың жаңа форматы ұсынылды. Бұған дейін тек кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар пайдаланған бұл тетік енді қарапайым азаматтарға да қолжетімді. Ай сайынғы төлемнің салыстырмалы түрде төмен болуы мен қымбат көлікті міну мүмкіндігі автолизингке қызығушылықты арттырғанымен, сарапшылар оны «арзан шешім» ретінде қабылдамауға кеңес береді.
Қазіргі жағдайда автокөлік көптеген қазақстандық үшін жай ғана тұрмыстық құралға айналған. Қала мен ауылда жұмысқа бару, отбасылық қажеттілік, қызмет көрсету саласы – барлығы көлікке тәуелді. Алайда автонесие шарттарының қатаңдауы, бастапқы жарнаның өсуі мен төлем жүктемесінің артуы балама қаржыландыру жолдарын іздеуге мәжбүр етті. Осы тұста автолизинг нарыққа шықты.
Лизингтің негізгі ерекшелігі – көлік меншікке бірден өтпейді. Автокөлік лизингтік компанияның балансында қалады, ал клиент оны ұзақ мерзімге жалға алады. Ай сайынғы төлем көліктің толық құнына емес, оның пайдаланылған бөлігіне негізделеді. Келісімшарт мерзімі аяқталған соң көлікті қайтару, қалдық құнымен сатып алу немесе жаңа модельге ауысу мүмкіндігі қарастырылған.
Экономистердің пікірінше, лизингтің басты тартымдылығы – ай сайынғы төлемнің автонесиеге қарағанда төмен болуы. Кей жағдайда бұл айырмашылық 15–30 пайызға дейін жетуі мүмкін. Алайда бұл үнемдеу шартты сипатқа ие. Себебі келісімшартта қосымша комиссиялар, міндетті сақтандыру мен қызмет көрсету төлемдері көзделуі мүмкін. Соның салдарынан көліктің жалпы құны автонесиемен салыстырғанда қымбатқа түсуі ықтимал.
Нарықта жиі кездесетін «пайызсыз лизинг» ұсыныстары да көп жағдайда маркетингтік тәсіл болып шығады. Сарапшылар нақты мөлшерлеме келісімшарттың қосымша тармақтарында жасырынатынын ескертеді. Сондықтан барлық төлемдер мен шектеулерді мұқият зерделемей шешім қабылдау тәуекелді арттырады.
Автолизинг әсіресе көлікті жиі жаңартуды қалайтын азаматтарға қолайлы. Бірнеше жыл сайын жаңа модельге ауысуға мүмкіндік бар. Бұл тұрғыда лизинг – ұзақ мерзімді иелік етуден гөрі пайдалануға бағытталған модель. Дегенмен көлікті еркін пайдалану мүмкіндігі шектеулі. Келісімшартта такси ретінде қолдануға, сыртқы өзгерістер енгізуге немесе үшінші тұлғаға беруге тыйым салынуы мүмкін. Ал көлік қайтарылған кезде тозу деңгейі арнайы бағаланып, айырмашылық клиент есебінен өндіріледі.
Мамандар автолизингті мемлекеттік жеңілдік бағдарламасымен шатастырмау керектігін айтады. Бұл – толықтай коммерциялық өнім. Көлік толық өтелмейінше, лизингтік компанияның меншігінде қалады. Төлем кешіктірілген жағдайда көлікті қайтарып алу тетігі жеңіл іске асады, бұл тәуекелді көбіне клиенттің мойнына жүктейді.
Мемлекет үшін автонесие мен лизингті дамыту – ішкі сұранысты ынталандыру құралы. Бұл отандық автөнеркәсіпке қолдау көрсетіп, өндірісті жандандыруға және салық түсімдерін арттыруға бағытталған. Сонымен бірге борыштық жүктеме коэффициентіне қатысты уақытша жеңілдіктер қаржыландыруды қолжетімді еткенімен, шамадан тыс қарыз алу қаупін де күшейтеді.
Қорытындылай айтқанда, автолизинг – автонесиені толық алмастыратын әмбебап шешім емес. Дұрыс есеппен және нақты мақсатпен пайдаланылса, тиімді құралға айналуы мүмкін. Алайда меншік құқығының болмауы, қосымша шығындар мен келісімшарттық шектеулер ескерілмесе, ол қаржылық тәуекелге әкелуі ықтимал.



