Полиция басқармасы 2025 жылдың қорытынды кеңесін өткізді

Қалалық мәдениет сарайында Полиция басқармасының 2025 жылды қорытындылау жөніндегі кеңесі өтті. Іс-шараға қала әкімі Әділет Нұрсағатұлы, Полиция басқармасының бастығы Қайрат Әбдіғалиев, қала прокуроры Дәулет Кенжебеков және жеке құрам қызметкерлері қатысты.
Жиында басқарманың жыл бойы негізгі бағыттар бойынша атқарған жұмыстары қорытындыланды. Нәтижесінде қоғамдық орындар мен көшелерде жасалатын қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың азайғаны атап өтілді.
Материалдық-техникалық базаны нығайту мақсатында ұшқышсыз ұшу аппараты сатып алынғаны айтылды. Бұл жаңашылдық полиция қызметінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік берді.
Қала әкімі Әділет Нұрсағатұлы құқық қорғау органдарының қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі еңбегіне алғыс білдірді.
«Семей қаласының тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы қажырлы еңбектеріңіз үшін шын жүректен алғыс айтамын. Сіздер – заң мен тәртіптің сақшыларысыздар. Қазіргі таңда полиция қызметі қылмыспен күреспен қатар қоғаммен ашық әрі өзара сенімді қарым-қатынас орнатуға ерекше мән беріп келеді», – деді қала басшысы.
Жиын барысында үздік қызметкерлер қала әкімінің Құрмет грамотасымен және Алғыс хатымен марапатталды.



