Абай облысындағы төрт аяқты тәртіп сақшысы

Абай облысы Полиция департаментінде қызмет атқаратын Сэм есімді лабрадор жарылғыш заттарды іздеу бағыты бойынша арнайы дайындықтан өткен қызметтік ит. Оның кәсіби қалыптасуы мен күнделікті дайындығы инспектор-кинолог, полиция аға лейтенанты Ахметжанов Бота Тұрсыновичтің тікелей еңбегінің нәтижесі.
Сэм қызметке қабылданған күннен бастап кинологтың тұрақты бақылауында өсіп, жүйелі жаттығудан өтті. Төрт аяқты тәртіп сақшысы мен маман арасындағы өзара сенім мен тәртіп иттің қызметтік әлеуетін толық ашуға мүмкіндік берді.

Қызмет барысында Сэм жарылғыш заттар бойынша 192 шақыртуға қатысып, түрлі нысандарды тексеру және қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстарына жұмылдырылды. Әрбір тапсырмада ол белгіленген алгоритм бойынша әрекет етіп, жоғары кәсіби дайындық деңгейін көрсетті.
2024 жылы Сэм Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің кинологиялық орталығында қосымша оқудан өтіп, жарылғыш заттарды іздеу бағыты бойынша біліктілігін арттырды. Жаңа білім мен тәжірибе бүгінде күнделікті қызметте тиімді қолданылуда.
Қазіргі таңда Сэм мен инспектор-кинолог Бота Ахметжанов біртұтас команда ретінде Абай облысы аумағында өтетін жаппай іс-шаралар мен профилактикалық жұмыстарда тұрақты түрде қызмет атқаруда.
Қызметтік иттің жоғары деңгейге жетуі – кәсіби кинолог еңбегінің айқын нәтижесі. Сэм – қауіпсіздік пен тәртіптің сенімді серігі.



