Заң

Пәтеріңізді ұрыларға өзіңіз “ашып” бермеңіз

Пәтер ұрлығының алдын алу үшін қарапайым қауіпсіздік талаптарын сақтау маңызды. Көп жағдайда құқықбұзушылықтар тұрғындардың бейқамдығы мен қорғаныс шараларының жеткіліксіздігінен орын алады.

Мамандардың мәліметінше, қаскөйлер көбіне иелері ұзақ уақыт бойы үйде болмайтын немесе қауіпсіздік деңгейі төмен пәтерлерді таңдайды. Олар есік пен терезенің осал тұстарын пайдаланып, түрлі тәсілдерге жүгінеді.

Осыған байланысты азаматтарға тұрғын үй қауіпсіздігін күшейту ұсынылады. Ең алдымен, үйден шығар алдында есік пен терезелердің толық жабылғанына көз жеткізу қажет. Қосымша қорғаныс ретінде сапалы құлыптар орнатып, бейнебақылау және дабыл жүйелерін қолдану тиімді.

Ұзақ уақытқа кеткен жағдайда көршілерге ескерту де маңызды. Бұл күмәнді әрекеттерді дер кезінде байқауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бейтаныс адамдарға есік ашқанда сақ болып, олардың қызметтік куәлігін тексеру қажет.

Әлеуметтік желілерде үйде жоқ екеніңіз туралы ақпарат жариялау ұсынылмайды. Мұндай мәліметтер құқықбұзушылар үшін қосымша мүмкіндік тудыруы мүмкін.

Қауіпсіздік талаптарын сақтау – мүлікті қорғаудың негізгі жолы. Әрбір тұрғынның жауапкершілігі мен қырағылығы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ықпал етеді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button