Заң

Семейде түнгі отшашу дауға айналды

Семей қаласында түн ішінде тұрғындардың мазасын алған ер адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оқиға 10 мамырға қараған түні қала аулаларының бірінде болған.

Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада тұрғын үй маңында отшашу атылғаны көрсетілген. Қала тұрғындары түнгі уақытта болған бұл әрекетке наразылық білдіріп, полицияға хабар берген.

Тәртіп сақшылары жедел іздестіру шаралары барысында құқық бұзушының кім екенін анықтады. Ол — 34 жастағы Семей қаласының тұрғыны. Қазіргі уақытта оған қатысты әкімшілік материал жиналып, іс сотқа жолданды.

Абай облысы Полиция департаменті тұрғын үйлердің маңында пиротехникалық бұйымдарды қолдану, әсіресе түнгі уақытта, қоғамдық тәртіпті бұзу болып саналатынын еске салды. Мамандардың айтуынша, мұндай әрекеттер тек тыныштықты бұзып қана қоймай, өрт шығу мен жарақат алу қаупін де арттырады.

Полиция мәліметінше, тұрмыстық пиротехника қатарына хлопушкалар, бенгал шамдары және шағын салюттар жатады. Ал қуатты фейерверктерді тек ІІМ лицензиясы бар арнайы ұйымдар ғана пайдалана алады. Сонымен қатар ірі салют ұйымдастыру үшін алдын ала рұқсат алып, оны полициямен келісу міндетті.

Құқық қорғау органдары пиротехниканы пайдалану талаптарын бұзғандарға айыппұл мен әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын ескертті.

Тәртіп сақшылары тұрғындарды қоғамдық тыныштықты сақтап, айналадағы адамдардың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button