Заң

9 жыл бойы іздеуде жүрген кім?

Абай облысында тоғыз жыл бұрын Ресей Федерациясының аумағында жасалған аса ауыр қылмысқа қатысты тергеу толық аяқталды. Көпшілік назарын аударған қылмыстық істі Абай облысы Полиция департаментінің Тергеу басқармасы тергеген.

Тергеу мәліметінше, 2015 жылы алдын ала сөз байласқан төрт адам қымбат автокөлікті сатып алу сылтауымен оның иесімен кездескен. Алайда кездесу соңы қатыгез шабуылға ұласқан. Күдіктілер ер адамға бірнеше рет пышақ жарақатын салып, кейін қылмыстың ізін жасыру үшін оны автокөлікпен қағып кеткен. Ауыр жарақат алған жәбірленуші оқиға орнында көз жұмған.

Қылмыстан кейін күдіктілер марқұмның автокөлігін иемденіп, бой тасалаған.

Полицейлердің айтуынша, арада тоғыз жыл өтсе де, қылмысқа қатысы бар барлық адамдарды анықтау және жауапқа тарту жұмыстары бір сәтке де тоқтамаған. Тергеу Ресей Федерациясының құқық қорғау органдарымен бірлесіп жүргізілген.

Іс бойынша Абай облысы ПД Тергеу басқармасының тергеушісі Ажар Сартова ауқымды жұмыс атқарған. Тергеу барысында куәлардан жауап алынып, күдіктілер арасындағы хат алмасулар зерттелген, бейнебақылау жазбалары тексерілген. Сонымен қатар халықаралық және ведомствоаралық сұраулар жолданып, қосымша дәлелдер жиналған. Нәтижесінде қылмыстың толық көрінісі қалпына келтірілді.

Жедел-тергеу шараларының нәтижесінде ұзақ уақыт бойы іздеуде жүрген соңғы күдіктінің жүрген жері анықталды. Ол халықаралық іздеуге жарияланып, 2024 жылы Алматы қаласында ұсталған.

Бұған дейін қылмысқа қатысы бар тағы үш адам сотталған. Олардың бірі Ресейдің Барнаул қаласында, ал қалған екеуі Шығыс Қазақстан облысында сот үкімімен жазаланған.

Соңғы айыпталушыға қатысты қылмыстық іс сотқа жолданып, Абай облысының соты оны адам өлтіру және қарақшылық шабуыл жасағаны үшін кінәлі деп таныды. Сот шешімімен оған 17 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Абай облысы Полиция департаменті аса ауыр қылмыстар бойынша уақыттың өтуі немесе күдіктілердің жасырынып жүруі тергеуді тоқтатпайтынын атап өтті. Құқық қорғау органдары кінәлілер толық жауапқа тартылғанға дейін жұмысты жалғастыра береді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button