Терроризмге қарсы шаңғы жарысы өтті

Абай облысында «Спорт терроризсге қарсы» шаңғы жарысы өтті. Шара терроризм мен экстремизмнің алдын алуға және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталды. Бұқаралық спорттық шараға ерлер, әйелдер және балалар қатысты. Әр жас санатында жеңімпаздар анықталып, 1, 2, 3 орын иегерлері атанды.

Басты мақсат – жастарды спортқа баулу, қоғамдағы теріс идеологиялар мен жат ағымдардың ықпалынан сақтау және тұрғындарды белсенді өмір салтына тарту. Жарысқа арнайы келген Олимпиада чемпионы Галина Сергеевна Вишневская да қатысушыларға қолдау білдіріп, жастарға маңызды ой айтты.
«Қазіргі уақытта жастар түрлі ақпарат ағынында өмір сүріп жатыр. Сол себепті дұрыс бағыт таңдау өте маңызды. Жат ағымдардың жетегіне кетпеу үшін адам спортпен шұғылданып, ойлау өрісін дамытуы керек. Салауатты өмір салты адамның болашағын айқындайтын негізгі факторлардың бірі», — деді чемпион.
Ол бұқаралық спорттық шаралар қоғамдағы бірлікті нығайтып, жастарды дұрыс ортаға бағыттайтынын атап өтті.

Жарысқа қатысқан шаңғышылардың бірі — Айнаш Сабитова. Ол жасөспірімдер спорт мектебінің су және ойын спорт бөлімінде жұмыс істейді. Мұндай шараларға қатысу жастар үшін маңызды екенін айтады.
«Осындай жарыстар жастарды біріктіреді. Уақытты бос өткізіп, жалған ақпараттың жетегінде кеткенше, спортпен айналысып, денсаулықты күткен дұрыс. Мұндай шараларға жастардың көптеп қатысқаны қуантады», — дейді ол.
Бұл шара тек спорттық жарыс емес, қоғамдағы қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға да ықпал етеді. Себебі жастардың бос уақытын пайдалы өткізуі радикалды идеологияларға қарсы ең тиімді алдын алу жолдарының бірі.



