Салық режимі өзгереді: кәсіпкерлер нені білу керек?

2026 жылдан бастап Қазақстанда жаңа Салық кодексі күшіне енеді. Осыған байланысты кәсіпкерлер қолданатын салық режимінде өзгеріс болады.
Патентпен немесе мобильді қосымша арқылы жұмыс істеп жүрген жеке кәсіпкерлер 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап қаласа, ЖК тіркеуінен шыға алады. Ал егер 1 наурызға дейін оңайлатылған салық режиміне көшу туралы хабарлама берілмесе, кәсіпкер автоматты түрде тіркеуден шығарылады.
Ал оңайлатылған режимде қалғысы келетіндер 1 қаңтар мен 1 наурыз аралығында өтініш беруі керек. Сонда режим жыл басынан бастап қолданылады.
Шаруа және фермер қожалықтары жаңа режимге автоматты түрде көшіріледі, қосымша өтініш тапсырудың қажеті жоқ.
Ал қазір оңайлатылған немесе басқа арнайы салық режимінде отырған кәсіпкерлер 1 наурызға дейін хабарлама бермесе, автоматты түрде жалпы салық режиміне ауысады.
Жұмысын уақытша тоқтатқан кәсіпкерлер де қай салық режимін қолданатыны туралы міндетті түрде хабарлама беруі керек.
Сонымен қатар, кәсіпкерлерге көмектесу үшін «Халық бухгалтері» акциясы жалғасуда. Акция барысында мыңдаған кәсіпкерге салық пен есеп жүргізу бойынша тегін кеңес берілген.



