Абай облысында көктемгі су тасқынына дайындық күшейтілді

Абай облысында 2026 жылғы көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстары жоспарлы түрде жүргізілуде. Өңірдегі 326 елді мекеннің 64-і ықтимал су басу қаупі бар аймаққа жатқызылғанымен, жүргізілген алдын алу шаралары нәтижесінде бірқатар елді мекендерде қауіп деңгейі төмендеген.
Облыс бойынша су тасқынына қарсы іс-шараларға 2 мыңнан астам адам, жүздеген техника, су сору құрылғылары, жүзу құралдары және қажетті қорлар дайындалған. Елді мекендерді қорғау мақсатында өзен арналары тазартылып, бөгеттер мен қорғаныс дамбалары салынды, су өткізу құбырлары орнатылды.
Сондай-ақ төтенше жағдай туындаған жағдайда тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіру, уақытша орналастыру және қажетті көмек көрсету шаралары да пысықталған. Мамандар гидротехникалық құрылыстар мен су деңгейін тұрақты бақылауда ұстап отыр.
Қазіргі уақытта облыс аумағында елді мекендерді су басу қаупі тіркелмеген, жағдай уәкілетті органдардың тұрақты бақылауында.



