Президент алдында ауыл мәселесін көтерген әкім

Ауылдың үнін елорда мінберінде жеткізу – кез келген әкімнің маңдайына бұйыра бермейтін мүмкіндік. Шұғылбай ауылдық округінің әкімі Нұрлан Назарханов осы жауапкершілікті арқалап, Президент қатысқан әкімдер форумында сөз сөйлеп, ауыл көкейіндегі мәселелерді ашық айтты.
Нұрлан Назарханов – ауыл өмірін іштен білетін басшы. 1963 жылы бұрынғы Семей облысы Көкпекті ауданының Шұғылбай ауылында дүниеге келген. Жеті ағайындының ортасында өскен ол жастайынан белсенділігімен, ұйымдастырушылық қабілетімен ерекшеленген. Мемлекеттік қызметтегі еңбек жолы – 30 жылға жуық. Осы уақыт ішінде бес бірдей ауылдық округті басқарды. Басқару ісінде үлгі тұтатын тұлғасы мемлекет қайраткері Бердібек Мәшбекұлы Сапарбаевты атады.
Астанадағы форумда сөз алу жоспарда болмаған. Бірақ мүмкіндік туған сәтте ол тосылып қалмады.
— Ойда болмады. Дегенмен мінберге шыққан соң ауылдағы нақты түйткілдерді бүкпесіз жеткізуге тырыстым, — дейді әкім.
Ол ауыл экономикасын әртараптандыру, шаруашылықты жүйелеу, еңбек мәдениетін қалыптастыру және тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру мәселелерін көтерді.

Қазір Шұғылбай ауылдық округінде 18 мың гектар жер бар. 30 шаруа қожалығы жұмыс істейді. 120 отбасы тұратын ауыл халқы негізінен мал және егін шаруашылығымен айналысады.

— Азық-түлік қауіпсіздігінің тірегі – ауыл. Ауыл өндіруші, қала тұтынушы болуы тиіс, — дейді Нұрлан Назарханов.
Әкімнің пікірінше, ауылдардың мүмкіндігіне сай нақты даму бағыты керек. Егінге бейімді өңір – егінге, малға қолайлы аймақ – мал шаруашылығына мамандануы тиіс. Пилоттық жобалар арқылы ауылдан қалаға табиғи өнім жеткізудің тұрақты тетігін қалыптастыру – уақыт талабы.
— Қалада пицца жеткізгендей, ауылдан табиғи өнім жеткізу де табысты кәсіпке айналуы мүмкін. Бұл ауыл жастарына жұмыс, табыс, тұрақтылық береді — дейді ол.
Ауылдағы күрделі мәселелердің бірі – ауыз су. Бұрын су тапшылығы салдарынан халықтың бір бөлігі көшіп кеткен. Қазір бұл бағытта нақты жұмыстар қолға алынған. Соңғы бір жылда округтегі үйлер саны 116-дан 123-ке көбейіп, мектеп оқушылары 80-нен 86-ға артқан. Осыдан ауылдағы тіршіліктің қайта жандана бастағанының көруге болады.
— Өсім жоқ жерде өнім жоқ. Ауылдың болашағы бар, — дейді әкім сеніммен.
Қызметтен тыс уақытта ол шығармашылыққа көңіл бөледі. «Шығыстың шыңырауы», «Жырым бар арқалаған жарты ғасыр» атты кітаптардың авторы. Өлеңді шабыт келгенде жазады.
Өңірге көрсетіліп жатқан қолдау үшін облыс әкімі Берік Уәлиге алғыс білдіріп, құрмет белгісі ретінде өз кітабын табыстаған.

Нұрлан Назарханов үшін әкімдік – қызмет қана емес, ауыл тағдырына деген жауапкершілік. Президент алдында айтылған сөз – бір сәттік мінбер емес, ауылдың ертеңіне деген сенімнің көрінісі.



