Басты жаңалық

Наурыз қарсаңында қосымша пойыздар қатынайды

Наурыз мейрамы күндері жолаушылар ағынының артуына байланысты Қазақстанда қосымша пойыздар іске қосылады. Бұл туралы Көлік министрлігі хабарлады.

«Жолаушылар тасымалы» АҚ мерекелік кезеңде ел ішінде қатынайтын бағыттарға 20 қосымша рейс ұйымдастырып, жолаушыларға 35 мыңнан астам қосымша орын ұсынбақ. Сонымен қатар, сұраныс жоғары бағыттарда жүретін пойыздарға қосымша вагондар тіркеледі.

Министрлік мәліметінше, мереке күндері үш бағыт бойынша қосымша пойыздар жүреді.

Алматы – Астана бағыты бойынша пойыздар Алматыдан 20, 22, 24, 26, 28 және 30 наурызда, ал Астанадан 21, 23, 25, 27, 29 және 31 наурызда жолға шығады. Жалпы алғанда, бұл бағытта алты рейс ұйымдастырылады.

Астана – Шымкент бағыты бойынша пойыздар Нұрлы Жол вокзалынан 19, 20, 22, 23, 25, 26, 28 және 29 наурызда, ал Шымкенттен 21, 22, 24, 25, 27, 28, 30 және 31 наурызда қатынайды. Барлығы сегіз рейс жоспарланған.

Ал Ақтөбе – Астана бағыты бойынша пойыздар Ақтөбеден 19, 21, 23, 25, 27 және 29 наурызда, ал елордадан 20, 22, 24, 26, 28 және 30 наурызда жолға шығады. Бұл бағытта алты рейс іске қосылады.

Сонымен бірге, Наурыз мейрамы кезінде сұраныс жоғары бағыттарға шамамен 230 қосымша тіркеме вагон қосу жоспарланып отыр.

Бұл шаралар мереке күндері жолаушыларға билеттердің қолжетімді болуын қамтамасыз етуге бағытталған.

Басқа жаңалықтар

Back to top button