Аудит палатасы құрылыс шығындарына бақылауды күшейтті

Елімізде құрылыс, қайта жаңғырту және күрделі жөндеу жұмыстарына бөлінетін бюджет қаражатының жұмсалуына бақылау күшейтілді. Тиісті өзгерістер Жоғары аудиторлық палатаның ұсынымдары негізінде бюджет қағидаларына енгізілді.
Бұған дейін 2019–2021 жылдары Ұлттық қордан бөлінген нысаналы трансферттердің пайдаланылуына мемлекеттік аудит жүргізілген. Оның қорытындысы бойынша Қаржы министрлігіне құрылыс және жөндеу жұмыстары бойынша орындалған жұмыстар актілерін қазынашылық органдарына міндетті түрде ұсыну талабын енгізу тапсырылған.
Нәтижесінде 2025 жылы бекітілген Бюджетті атқару және оған кассалық қызмет көрсету қағидаларына өзгерістер енгізілді. Енді мемлекеттік мекемелер құрылыс және жөндеу жұмыстары бойынша төлемдерді тек мемлекеттік сатып алу порталында рәсімделген әрі басшының электронды қолтаңбасымен бекітілген орындалған жұмыстар актісі негізінде жүргізуге міндетті.
Сонымен қатар шартқа жобалау-сметалық құжаттама енгізілген жағдайда, аванстан кейінгі төлемдерді жүзеге асыру үшін кешенді ведомстводан тыс сараптаманың оң қорытындысын ұсыну талап етіледі.
Жаңа талапқа сәйкес, мердігерге соңғы төлем барлық жұмыстар толық аяқталып, нысанды пайдалануға беру актісі қазынашылық органдарына ұсынылғаннан кейін ғана жүргізіледі. Ал 2025 жылдың 1 қаңтарына дейін тіркелген шарттар бойынша қаражат нысан пайдалануға берілген соң бас мердігерге аударылады.
Мемлекеттік мекемелер төлем жасау кезінде қазынашылық органдарына тауарлар бойынша шот-фактураны, ал жұмыстар мен қызметтер бойынша орындалған жұмыстар актілерін ұсынуы тиіс. Барлық құжаттар жеткізушінің электронды қолтаңбасымен бекітілуі қажет.
Сонымен бірге, 2026 жылдан бастап Бюджетті қазынашылық атқару рәсімдеріне қатысты жаңа талаптар күшіне енді. Онда да төлемдерді жүргізу үшін растайтын құжаттарға қойылатын талаптар нақты белгіленген.
Мамандардың айтуынша, енгізілген өзгерістер бюджет қаражатының ашық әрі тиімді жұмсалуын қамтамасыз етіп, құрылыс саласындағы заң бұзушылықтар мен негізсіз төлемдер тәуекелін азайтуға мүмкіндік береді.



