Қаңтар қорытындысы: Абай облысы үздіктер қатарында

Аймақ басшысы Берік Уәлидің төрағалығымен әкімдік отырысы өтті. Жиында 2026 жылғы қаңтар айында өңірдің даму көрсеткіштері мен жұмыспен қамту мәселесі қаралды. Бұл туралы Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қаңтарда облыс экономикасы өсім көрсетті. Қысқа мерзімді экономикалық көрсеткіш 107,5%-ға жетіп, өңір республика бойынша алғашқы алтылыққа кірді. Әсіресе инвестиция, көлік және өңдеу салаларында оң нәтиже байқалды.

Облысқа бір айда 16,3 млрд теңге инвестиция тартылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай көп. Ал өңдеу өнеркәсібі бойынша өңір республикада 1-орынға шықты.

Әкім оң нәтижені сақтап қалу үшін жұмысты күшейту керегін айтты. Негізгі міндет – инвестиция тарту, бизнесті дамыту және жаңа жұмыс орындарын ашу.

Жұмыспен қамту бойынша былтыр 27 мыңнан астам адам жұмысқа орналасқан. Биыл 13 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.



