Ақсуаттағы Жәнтікей мектебінің жетістігі

Абай облысы, Ақсуат ауданындағы Қ.Сәтпаев атындағы Жәнтікей орта мектебі білім сапасын тұрақты түрде сақтап келе жатқан оқу орындарының бірі. Қазіргі таңда мектепте 207 оқушы білім алса, 46 педагог қызмет етеді. Сонымен қатар, білім ордасы жанындағы «Айгөлек» шағын орталығында 42 бала тәрбиеленуде.

Мектепте білім сапасын арттыру жүйелі түрде ұйымдастырылған. Оқу үдерісі «мұғалім – оқушы – ата-ана» үштағаны негізінде жүргізіледі. Әр оқушының білім деңгейі сараланып, жеке даму бағыты айқындалады. Саралап оқыту мен тұрақты мониторинг жүйесі енгізілген. Мұғалімдер арасында тәжірибе алмасу, сабақтарды зерттеу тәсілдері кеңінен қолданылады.

2022–2023 оқу жылында мектептен 9 «Алтын белгі» иегері түлеп ұшып, барлығы 100-ден жоғары балл жинады. Ең жоғары нәтиже – 133 балл. Кейінгі оқу жылында «Алтын белгі» иегерлерінің саны азайғанымен, білім сапасы жоғары деңгейде сақталды. Мәселен, 2024–2025 оқу жылында мектеп түлегі ҰБТ-дан 135 балл жинап, облыс бойынша үздік нәтижелердің бірін көрсетті. Биыл мектепте «Алтын белгіге» үміткер 5 оқушы бар.
ҰБТ-ға дайындық кезең-кезеңімен жүргізіледі. Оқушылар 10-сыныптан бастап жүйелі дайындықтан өтеді. Ай сайын тестілеу ұйымдастырылып, әр оқушының нәтижесі тұрақты бақылауда болады. Сонымен қатар, оқушыларға психологиялық қолдау көрсету жұмыстары да қатар жүргізіледі.

Мектеп ұжымы білім сапасымен қатар жетістіктерін де арттырып келеді. Атап айтқанда, білім ордасы Абай облысы бойынша өткен «Үздік орта білім беру ұйымы – 2024» байқауына қатысып, 10 миллион теңге көлеміндегі грант иегері атанды. Бұл – мектептің жүйелі жұмысы мен сапалы білім беруінің нақты нәтижесі.
Жәнтікей орта мектебінің тәжірибесі ауылдық жерде де сапалы білім беруге барлық мүмкіндік бар екенін дәлелдейді.



