Заң

Сталкингке заңмен тосқауыл қойылды

Қазақстанда сталкингке қарсы құқықтық шаралар күшейтілді. Енді адамды еркінен тыс мазалап, аңду, тұрақты түрде байланыс орнатуға тырысу сияқты әрекеттер қылмыстық жауапкершілікке әкеледі. Қылмыстық кодекске енгізілген 115-1-бап бұл құқық бұзушылыққа нақты құқықтық баға беріп отыр.

Мамандардың айтуынша, сталкинг — жай ғана «назар аудару» немесе «қызғаныш» емес. Бұл — адамның жеке шекарасын бұзып, психологиялық қысым көрсететін қауіпті әрекет. Мұндай жағдайда жәбірленуші өзін қауіпсіз сезінбей, еркін қозғалу мүмкіндігінен айырылады.

Осы тақырыпты түсіндіру мақсатында Абай облысы Полиция департаменті арнайы профилактикалық бейнеролик жариялады. Онда қудалаудың қалай басталып, біртіндеп ушығатыны, сондай-ақ оның салдары нақты көрсетілген. Сюжетте қудалаушы өз әрекетін «қалыпты қарым-қатынас» ретінде ақтауға тырысса, құқық қорғау органдары бұл әрекеттердің заңсыз екенін дәлелдейді.

Полиция өкілдері атап өткендей, басты мақсат — қылмыстың алдын алу. Яғни жағдай ауыр зардаптарға ұласпай тұрып, бастапқы кезеңде әрекет ету маңызды. Егер адам сіздің байланыс орнату әрекеттеріңізді тоқтатуды сұраса, ал сіздің әрекеттеріңіз жалғаса берсе — бұл заң бұзушылық болып саналады.

Жыл басынан бері Абай облысында сталкинг бойынша 3 дерек тіркеліп, олардың барлығы сотқа жолданған. Бұл жаңа норманың іс жүзінде қолданылып жатқанын көрсетеді.

Құқық қорғау органдары азаматтарға маза бермейтін қудалау белгілерін елемеуге болмайтынын ескертеді. Хабарламалар, қоңыраулар, аңду, үй немесе жұмыс маңында күтіп жүру, таныстар арқылы қысым көрсету — мұның бәрі дәлел ретінде тіркелуі тиіс.

Мамандардың айтуынша, уақтылы берілген арыз қудалауды тоқтатуға және ауыр салдардың алдын алуға мүмкіндік береді. Заң әр адамның жеке шекарасы мен қауіпсіздігін қорғауға бағытталған.

Басқа жаңалықтар

Back to top button