Абай жұртшылығы Жаңа Конституцияны қолдады

Абай облысындк ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин мен «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» коалициясы өкілдері тұрғындармен кездесті. Жиынға 500-ден астам адам қатысты.

Облыс әкімі Берік Уәли жаңа құжатты кеңінен талқылаудың маңызына тоқталды. Оның айтуынша, өзгерістер өңірдің басқару жүйесіне тікелей әсер етеді.

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Конституция жобасы ашық түрде, халықтың қатысуымен әзірленгенін айтты.
«Жаңа Конституция жобасының мәтіні жарты жыл бойы жүргізілген қоғамдық талқылаудың қорытындысы. Сондықтан оны халықтық Конституция деп атауға толық негіз бар», – деді ол.
Сонымен қатар ол құжат мемлекеттік басқаруды күшейтіп, билік арасындағы тепе-теңдікті нығайтатынын атап өтті. Қарин цифрландыру, білім, ғылым және адам капиталын дамыту негізгі басымдықтар екенін айтты.
«Жаңа Конституция еліміздің дамуына тың серпін береді», – деді Мемлекеттік кеңесші.
Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов экономикалық тұрақтылыққа назар аударды. Оның сөзінше, жаңа өзгерістер меншік құқығын қорғап, бизнеске қолайлы орта қалыптастырады.

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова білім мен ғылымға ерекше көңіл бөлінгенін айтты. Бұл жастардың жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді.

Ал Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров заң шығару жүйесін жаңарту мен бақылауды күшейту маңызды екенін жеткізді. Оның айтуынша, бұл азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтеді.

Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұратқазы Алин Жаңа Конституция ұлттық құндылықтарды нығайтуға негіз болатынын атап өтті.

Кездесу барысында тұрғындар пікір алмасып, ұсыныстарын айтты. Жиын соңында облыс жұртшылығы Жаңа Конституция жобасын қолдайтынын білдірді.



