Аймақтың шығармашылық зиялы қауымы Жаңа Конституцияны қолдады

ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин өңірдің шығармашылық және ғылыми зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Жиын Абай атындағы облыстық кітапханада өтті.

Кездесуге ақын-жазушылар, ғалымдар, мәдениет пен өнер саласының өкілдері, театр және музей қызметкерлері, ұстаздар қатысты. Негізгі әңгіме Жаңа Конституция жобасы болды.
Кітапхана директоры Мерей Қарт жиынның Абай есімімен байланысты жерде өтуінің мәні ерекше екенін айтты.
«Абай мұрасы бүгінге дейін ұлттың адамгершілік бағдарын айқындап келеді», – деді ол.
Жаңа құжатта білім мен ғылымды дамыту маңызды бағыт ретінде көрсетілгенін атап өтті.
Айтыскер ақын Мұхтар Ниязов Конституция жобасындағы ұлттық құндылықтарға тоқталды.

Оның айтуынша, құжатта жер мен оның байлығы халыққа тиесілі екені нақты бекітілген. Бұл қоғамның жауапкершілігін арттырады.
Мәдениет қайраткері Төлеген Жанғалиев құжаттың кіріспе бөлігіне назар аударды.
Ол жерде қазақ мемлекеттілігінің терең тарихы мен дәстүр сабақтастығы көрініс тапқанын айтты. Сонымен бірге қоғамдағы бірлік пен келісімнің маңызы күшейетінін жеткізді.

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Жаңа Конституцияның мәнін түсіндірді.
«Жаңа Конституция – тек заң емес, қоғам мен мемлекет арасындағы жаңа келісім. Бұл құжатта адам, оның құқығы мен бостандығы басты орынға қойылады», – деді ол.
Оның сөзінше, білім, ғылым, мәдениет және инновацияны дамыту негізгі бағыттардың бірі болады.
Кездесу барысында қатысушылар өз пікірлерін айтып, ұсыныстарын білдірді. Жалпы, зиялы қауым өкілдері Жаңа Конституцияны қолдайтынын жеткізді.



