Абай облысында 23,9 мың мүгедектігі бар адамға қолдау көрсетілуде

Абай облысында әлеуметтік төлемдер ай сайын 15-інен кейін жүзеге асырылады. Бұған республикалық субвенциялардың кеш түсуі себеп. Мәселен, 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған біржолғы төлемдер де осы мерзімнен кейін аударылады.
Өңірде егде жастағы азаматтарды қолдау мақсатында Қарағайлы шипажайы базасында тегін санаторлық-курорттық емдеу ұйымдастырылған. Биыл бұл қызметпен 1 955 адамды қамту жоспарланып отыр. Сонымен қатар 70 жастан асқан зейнеткерлерді қайтадан шипажайға жіберу мәселесі қарастырылып жатыр.
Бүгінде Абай облысында 23,9 мың мүгедектігі бар адам тұрады, оның ішінде 3 мыңға жуығы – балалар. Арнайы әлеуметтік қызметтермен 5 мыңнан астам адам қамтылған.
2026 жылы мүгедектігі бар адамдарды техникалық оңалту құралдары мен қызметтермен қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттен 3,4 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде:
- протездік-ортопедиялық және техникалық құралдарға – 659,2 млн теңге;
- санаторлық-курорттық емдеуге – 707,4 млн теңге;
- жеке көмекшілер қызметіне – 259,3 млн теңге;
- ымдау тілі мамандарына – 62,6 млн теңге;
- гигиеналық құралдарға – 1,3 млрд теңге.
Жыл басынан бері әлеуметтік қызметтер порталы арқылы 3 078 адам оңалту құралдары мен қызметтер алған.
Инфрақұрылымды бейімдеу жұмыстары да жалғасуда. «Кедергісіз келешек» бағдарламасы аясында 2027 жылға дейін 1 255 нысанды бейімдеу жоспарланған. 2022 жылдан бері 861 нысан толық бейімделген.
Өңірде жүріп-тұруы қиын азаматтарды тасымалдау үшін 24 «Инватакси» көлігі қызмет көрсетеді.
Сонымен қатар 2026 жылға Абай облысына 539 адамды (264 қандас, 275 қоныс аударушы) орналастыруға квота бөлінді. Оларды қолдау үшін көшу шығындары, тұрғын үй жалдау және сатып алу мақсатында 1,4 млрд теңге қарастырылған. Экономикалық ұтқырлық сертификатының көлемі 1 625 АЕК-ке дейін ұлғайтылды (7 млн теңгеден астам).


