Абай облысында сауда нысандарын жаңарту жұмыстары 1 желтоқсанға дейін аяқталуы тиіс
Абай облысында сауда нысандарының сыртқы келбетін жақсарту жұмыстары жалғасуда. Облыс әкімі Берік Уәли аудан және қала әкімдеріне анықталған кемшіліктерді 1 желтоқсанға дейін толық жоюды тапсырды. Бұл мәселе кеңейтілген аппараттық кеңесте қаралды.
Кеңеске облыстық басқарма басшылары мен өңірлік департамент жетекшілері қатысты. Аудан және қала әкімдері бейнебайланыс арқылы қосылды.
Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Айбек Рахымбековтің мәліметінше, биыл 9 маусым мен 9 шілде аралығында өңірдің 10 ауданы мен Курчатов қаласындағы сауда нысандарына мониторинг жүргізілген.
Тексеру барысында нысандардың қасбеттерін жөндеу, маңдайшаларын жаңарту, ескі жарнамаларды алып тастау және іргелес аумақтарды абаттандыру бойынша бірқатар кемшілік анықталған.
Қазіргі уақытта Ақсуат, Үржар және Көкпекті аудандарында жұмыстар толық аяқталған. Ал өзге аудан-қалаларда кемшіліктерді жою бағытындағы жұмыстарды жандандыру қажет.
Облыс әкімі сауда нысандарының сыртқы келбеті мен айналасының тазалығы елді мекендердің жалпы көрінісіне тікелей әсер ететінін атап өтті. Сондай-ақ аудан және қала әкімдеріне кәсіпкерлермен түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, белгіленген мерзімде барлық жұмысты аяқтауды міндеттеді.
Кеңесте әлеуметтік төлемдерді тағайындау тәртібіндегі өзгерістер де талқыланды. 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап елімізде әлеуметтік төлемдерді тағайындау тәсілі өзгереді.
Осыған байланысты облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Айман Нұрлыбек баяндама жасады. Аймақ басшысы әлеуметтік қолдау реформасының негізгі ережелерін тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.



