Жақсылық жасайтын күн

15 наурыз Қазақстанда Наурызнама онкүндігі аясында Қайырымдылық күні ретінде аталып өтеді. Бұл күн – адамдарды мейірімділікке, жанашырлыққа және бір-біріне қолдау көрсетуге үндейтін ерекше күн.
Қазақ халқы үшін қайырымдылық – жат ұғым емес. Ежелден халқымыз қиын жағдайға тап болған жандарға көмектесіп, жетім-жесірді жылатпай, көптің қамын ойлаған. «Жылу жинау» дәстүрі де – осы бауырмалдықтың айқын көрінісі.
Қайырымдылық күні – дәл осы құндылықтарды жаңғыртатын маңызды кезең. Бұл күні елдің әр өңірінде мұқтаж жандарға қолдау көрсетіліп, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға көмек беріледі. Қарттар мен жалғызілікті адамдардың көңілін сұрап, қайырымдылық жәрмеңкелері мен түрлі игі шаралар ұйымдастырылады.
Наурыз – жаңару мен жақсылықтың мерекесі. Ал Қайырымдылық күні сол жақсылықтың шынайы мәнін айқындай түседі. Себебі біреуге көмектесу, қол ұшын созу, жылы сөз айту – қоғамды мейірім мен бірлікке бастайтын ең асыл қасиеттердің бірі.
Сондықтан бұл күн тек қайырымдылық шараларымен ғана емес, адамдардың жүрегіндегі ізгілік пен жанашырлықты оятатын ерекше күн ретінде бағаланады.



