Қаладан ауылға: Құндызды жаңа тұрғындарды күтеді

Абай облысы Абай ауданына қарасты Құндызды ауылдық округі «Қаладан ауылға» пилоттық жобасы аясында қоныс аударушыларды қабылдауға дайын. Округ орталығы саналатын елді мекенде 1420 тұрғын тұрады. Негізгі күнкөріс көзі – мал шаруашылығы. Бүгінде мұнда 64 шаруа қожалығы жұмыс істейді.
Жоба аясында көшіп келушілерді жұмыспен қамту және тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі нақты қарастырылған. Шаруа қожалықтарына жұмысқа орналасқан азаматтарға баспана беріледі. Орташа айлық жалақы 150–200 мың теңге көлемінде. Сонымен қатар қоныс аударған отбасылардың балалары білім беру ұйымдарына толық орналастырылады.

Қазіргі таңда ауылда бірқатар маман тапшылығы байқалады. Атап айтқанда, мектепке алғашқы әскери дайындық және математика пәндерінің мұғалімдері қажет. Медициналық мекемеге бір мейіргер, ал саз мектебіне бір ұстаз керек. Сонымен қатар 64 шаруа қожалығының 25-і қосымша жұмыс күшіне мұқтаж.
Инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Жаңа балабақша құрылысы аяқталуға жақын. Күзге дейін барлық тұрғын үйді ауыз сумен толық қамтамасыз ету жоспарланған. Елді мекен интернет желісімен толық қамтылған, мемлекеттік мекемелер оптикалық байланысқа қосылған.
Құндызды ауылында орта мектеп, клуб, кітапхана және дәрігерлік амбулатория жұмыс істейді. Сонымен қатар тұрмыстық қызмет көрсету нысандары бар. Көлік қатынасы көрші елді мекендермен автомобиль жолдары арқылы жүзеге асырылады.

Ауыл әкімі Думан Мәнәпұлы елді мекеннің әлеуметтік маңызына тоқталып:
«Ауыл – ұлттық құндылықтардың қайнар көзі. Бүгінде урбанизация үдерісі күшейгенімен, туған жерге оралып, ел игілігі үшін еңбек ету – әр азаматтың жауапкершілігі. Жастардың ауылға келіп, осында тұрақтап, өз үлесін қосуы аса маңызды», – деді.
Ал Шәкәрім Әбенов атындағы жалпы білім беретін мектептің директоры Венера Заманбекқызы білім беру сапасын арттыру үшін кадр мәселесінің өзектілігін атап өтті:
«Мектеп – ауылдың тірегі. Қазіргі таңда бізде 253 оқушы білім алуда, оларға 36 педагог сапалы білім мен тәрбие беріп келеді. Білім ордасында өлкетану музейі жұмыс істейді. Ендігі міндет – ұжым қатарын білікті мамандармен толықтырып, білім сапасын одан әрі арттыру», – деді.

Құндызды ауылдық округі аудан орталығы Қарауылдан оңтүстік-шығысқа қарай 67 шақырым жерде, Көксала өзенінің бойында орналасқан. Табиғи ерекшелігі мен әлеуметтік мүмкіндіктері үйлескен бұл елді мекен тұрақты өмір сүруге және еңбек етуге қолайлы орта қалыптастырып отыр.



