Басты жаңалық

Семейде Наурыз мейрамы: 50 мыңнан астам тұрғын мерекелік кешке жиналды

Семей қаласында Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы кең көлемде аталып өтіп, мерекелік іс-шараларға 50 мыңнан астам тұрғын қатысты. Қала жұртшылығы үшін ұйымдастырылған ауқымды бағдарлама ұлттық дәстүр мен заманауи мәдениетті ұштастырған мазмұнды форматта өтті.

Мерекелік шаралар таңғы сағат 10:00-де басталды. Қаланың орталық алаңында 12 киіз үй тігіліп, театрландырылған қойылым көрермен назарына ұсынылды. Күндізгі концерттік бағдарламада «Agugai» тобы, «Жігіттер» квартеті, сондай-ақ Тоқтар мен Бейбіт өнер көрсетіп, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Арбат аумағында арнайы тақырыптық алаңдар ұйымдастырылып, жастарға арналған танымдық бағдарламалар өтті. Сонымен қатар IT және жасанды интеллект бағытындағы жобалар таныстырылып, келушілерге жаңа технологиялардың мүмкіндіктері көрсетілді.

Мереке аясында әр киіз үйдің алдында ұлттық ойындар ұйымдастырылып, спорттық жарыстар өткізілді. Атап айтқанда, арқан тартыс, қол күрес, асық ойыны және қазақ күресі бойынша сайыстар өтіп, жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар мен сертификаттар табысталды. Сонымен қатар ауыл атауларына байланысты көрмелер қойылып, тарихи тұлғалардың жеке заттарынан құралған шағын мұражайлар жасақталды.

Ақ шаңқан киіз үйлерді облыстық басқармалар, қала әкімдігінің бөлімдері, мемлекеттік және жекеменшік мекемелер, қоғамдық ұйымдар мен жоғары оқу орындары бірлесіп құрды.

Орталық алаңнан бөлек, қаладағы бірнеше аумақта – Әуезов алаңы, Тері-былғары зауыты маңы, теміржол вокзалы, «Юность» ауданы, Қарағайлы шағын ауданы және «Asima» сауда үйі жанында да мерекелік бағдарламалар қатар ұйымдастырылды. Жалпы қала бойынша 40-қа жуық киіз үй тігіліп, Наурыз мерекесі бір мезгілде бірнеше алаңда тойланды.

Кешкі концерттік бағдарламада қала өнерпаздарымен қатар қазақстандық эстрада жұлдыздары – Диана Исмаил, BAYANSULU және ALEM сахна төрінде өнер көрсетіп, мерекенің шырайын аша түсті.

Семей қаласында өткен Наурыз мейрамы ұлттық құндылықтарды дәріптеп қана қоймай, қала тұрғындарының бірлігін нығайтқан, мазмұнды әрі әсерлі мерекелік шара ретінде есте қалды.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button