Кімдер пәтерақы субсидиясын ала алады?

Қазақстанда 2022 жылдың сәуірінен бастап жалдамалы тұрғын үй ақысының бір бөлігін субсидиялау бағдарламасы іске асырылып келеді. Бүгінде осы тетік арқылы 9 951 отбасы пәтерақысының жартысын мемлекет есебінен төлеп отыр. Бағдарлама Мемлекет басшысының тапсырмасымен енгізілген және әлеуметтік тұрғыдан осал санаттағы азаматтарға жалдау шығынын азайтуға бағытталған.
Бағдарлама тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың белгілі бір санаттарына арналған. Атап айтқанда, I және II топтағы мүгедектігі бар адамдар, мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған отбасылар, жетім балалар және көп балалы отбасылар қатыса алады. Яғни бұл көмек барлық азаматқа емес, нақты мұқтаж топтарға беріледі.
Субсидия «Отбасы банкі» арқылы жүзеге асырылады және жалдау ақысы 50/50 қағидаты бойынша өтеледі. Оның 80 пайызы республикалық бюджеттен, 20 пайызы жергілікті бюджеттен төленеді. Бағдарламаға қатысу үшін отбасының табысы да ескеріледі. Соңғы 6 айдағы табыс әрбір отбасы мүшесіне шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспауы тиіс. Есепке жалақы мен кәсіпкерлік қызметтен түскен табыс кіреді.
Сонымен қатар жалға алынған пәтердің көлеміне де талап қойылған. 1–3 адамнан тұратын отбасы үшін 40 шаршы метрге дейін, 4–5 адам үшін 60 шаршы метрге дейін, ал 6 және одан көп адам үшін 80 шаршы метрге дейінгі тұрғын үй субсидияланады. Егер жалға алынған баспана бұл мөлшерден үлкен болса, төлем тек белгіленген лимит шегінде ғана есептеледі.
Бағдарлама іске қосылғалы бері 36 901 отбасы субсидия алған. Алайда талаптардың сақталмауына байланысты 26 667 отбасы бойынша төлемдер тоқтатылған. Қазіргі таңда субсидия алып отырғандардың басым бөлігі – көп балалы отбасылар.
Министрліктің мәліметінше, жыл басынан бері 1,9 млрд теңге төленген. 2026 жылы шамамен 11 200 отбасыны қамту жоспарланып отыр. Ел бойынша тұрғын үй кезегінде 964 мың отбасы тұрғанын ескерсек, бұл бағдарлама баспана мәселесін толық шешпейді. Дегенмен ол өз кезегін күтіп отырған азаматтарға жалдау шығынын жеңілдететін маңызды әлеуметтік қолдау тетігі болып отыр.



