Шілдеден бастап несие шарттары қатаңдайды

Қазақстанда 1 шілдеден бастап несие беру ережелері өзгереді. Жаңа талаптарға сәйкес, банктер қарыз алушылардың төлем қабілеттілігін бұрынғыдан да қатаң тексереді. Соның салдарынан несие алу қиындай түседі.
Бұл өзгерістер туралы бұған дейін Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мәлімдеген. Енді қаржы ұйымдары әр клиенттің табысы мен қаржылық жүктемесіне ерекше мән береді.
Жаңа жүйеде негізгі екі көрсеткіш енгізіледі. Оның бірі – борыштық жүктеме коэффициенті (БЖК). Бұл көрсеткіш адамның табысының қанша бөлігі несие мен басқа да міндетті төлемдерге кететінін көрсетеді. Егер бұл үлес жоғары болса, жаңа несие алу мүмкіндігі төмендейді.
Екінші көрсеткіш – қарыздың табысқа қатысты коэффициенті (ҚТК). Ол азаматтың жаңа несиені артық қаржылық салмақсыз өтеу мүмкіндігін бағалайды. Яғни банктер клиенттің табысы қарызды жабуға жеткілікті ме, соны нақты есептейді.
Маңызды өзгерістің бірі – ресми табысқа басымдық берілуі. Банктер енді клиенттің кірісін зейнетақы жарналары мен міндетті медициналық сақтандыру жүйесі арқылы тексереді. Табысы ресми түрде расталмаған азаматтардың несие алу мүмкіндігі айтарлықтай төмендейді.
Жаңа талаптар ең алдымен бейресми табыс табатындарға әсер етеді. Атап айтқанда, жалақысын «конвертпен» алатындар, еңбек шарты жоқ қызметкерлер және тұрақты табысы расталмаған азаматтар үшін несие рәсімдеу қиындайды.
Бұл өзгерістердің мақсаты – қаржылық тәуекелдерді азайту. Яғни табысы жеткіліксіз бола тұра несие алып, кейін оны төлей алмай қалатын жағдайлардың алдын алу көзделіп отыр. Сонымен қатар несие беру жүйесінің тұрақтылығын арттыру жоспарланған.
Айта кету керек, мұндай шектеулер бұған дейін де болған. Алайда енді олар жаңартылып, нақты әрі икемді түрде қолданылады. Банктер әрбір қарыз алушыны жеке бағалауға көшеді.
Жаңа ережелер 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Сондықтан несие алуды жоспарлап жүрген азаматтарға табысын алдын ала заңды түрде растап алғаны жөн.



