Абайда су тасқынына қарсы дайындық күшейді

Абай облысында көктемгі су тасқынының алдын алу жұмыстары күшейтілді. Облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өткен әкімдік отырысында өңірдің дайындық деңгейі жан-жақты талқыланды. Бұл туралы Абай облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қазірдің өзінде жоспарланған 32 шараның 28-і орындалған. Одан бөлек тағы 41 қосымша жұмыс атқарылған.
Нәтижесінде 33 шақырым бөгет жөнделіп, 8,3 шақырым қорғаныс үйіндісі салынды, 19 шақырымнан астам арық тазартылып, 25 су өткізу құрылғысы орнатылды.

Елді мекендерден 457 мың текше метрден астам қар шығарылып, 168 мың текше метр еріген су сорылған.
Өзендердің қауіпті учаскелерінде жағалау бекітіліп, арналарды тереңдету және түзеу жұмыстары жүргізілді. Қор ретінде 62 мың қап, 12 мың тонна инертті материал және 150 тонна жанар-жағармай дайындалған. Наурыз айының басында Ертіс пен Үбі өзендерінде мұз жару жұмыстары атқарылды. Су басу қаупі бар аумақтарда әуе мониторингі де ұйымдастырылған.
Облыс әкімі жауапты органдарға күшейтілген режимде жұмыс істеуді тапсырды.
«Су тасқыны қаупі жоғары кезеңде барлық қызметтер 24/7 режиміне көшуі тиіс. Қауіпті аймақтарда сағат сайын мониторинг жүргізу жүйесін енгізу қажет», – деді Берік Уәли.
Отырыста бұдан бөлек ауыз су сапасы, сумен жабдықтау нысандарының жағдайы және санитарлық талаптардың сақталуы қаралды.

Сондай-ақ, облыстық жобалық кеңсенің жұмысы талқыланды. «Битрикс» жүйесіне енгізілген 261 жобаның 208-і аяқталған, ал 53 жоба әлі іске асырылу кезеңінде. Кейбір жобаларда мерзімнің кешігу тәуекелі бар екені айтылып, жұмысты жандандыру тапсырылды.
Аймақ басшысы жиын қорытындысында барлық бағыттағы жұмысты күшейтуді және нақты нәтижеге басымдық беруді міндеттеді.



