Мемлекеттік қызмет сапасына қатысты шағымды Telegram-бот арқылы жолдауға болады

Қоғаммен жедел кері байланыс орнату мақсатында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі «EgovKzBot2.0» Telegram-ботын іске қосқан. Аталған сервис азаматтардың мемлекеттік органдармен байланысын жеңілдетіп, мемлекеттік қызмет көрсету сапасына қатысты шағымдар мен ұсыныстарды жедел қабылдауға мүмкіндік береді.
Бот мемлекеттік қызмет нәтижелеріне, сондай-ақ қызмет көрсетуші органдар мен лауазымды тұлғалардың әрекеттері немесе әрекетсіздігіне қатысты шағым жолдауды оңайлатады. Негізгі мақсат – азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау және мемлекеттік органдарға деген сенімді арттыру.
Сонымен қатар агенттіктің аумақтық департаменттері мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері бойынша мемлекеттік органдардың немесе лауазымды тұлғалардың шешімдері мен әрекеттеріне қатысты жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарайды.
«EgovKzBot2.0» Telegram-боты арқылы азаматтар мемлекеттік қызмет көрсету сапасына байланысты ұсыныс, ескерту немесе шағым жолдап, оны қарау барысы туралы толық ақпарат ала алады. Сондай-ақ пайдаланушыларға қажетті түсіндіру мен кеңес беру мүмкіндігі қарастырылған.
Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Абай облысы бойынша департаменті тұрғындарға кеңес беру және туындаған мәселелерді жедел шешу мақсатында Telegram-бот мүмкіндігін белсенді қолдануда. Мемлекеттік қызмет алу кезінде құқық бұзушылыққа тап болған немесе сұрақтары бар азаматтар «EgovKzBot2.0» платформасы арқылы хабарласа алады.



