150 жұмыс орны ашылады

Абай облысында индустриялық былғары кластерін құру жобасы талқыланды. Жоба Семей қаласындағы тұралап тұрған тері зауытын қайта жандандыруды көздейді.
Облыс әкімі Берік Уәлидің тапсырмасына сәйкес, қаржыландыру көздерін айқындау мақсатында облыс әкімінің орынбасары Думан Оспанов қаржылық даму институттарының өкілдерімен, Қазақстан тері және жүн өңдеушілер қауымдастығының төрағасымен және зауыт директорымен кездесу өткізді.
Кездесу барысында толық циклді индустриялық былғары кластерін құру жобасы ұсынылды. Жоба тұздалған теріні сатып алудан бастап, дайын былғары өндіру, өнім тігу, қой терісін өңдеу және тамақ өнеркәсібіне арналған коллаген ақуызын шығаруға дейінгі барлық өндірістік кезеңдерді қамтиды.
Кластер құрамына өзара байланысты бес өндірістік бағыт енгізілген. Әр бағыт қосымша құн қалыптастырып, өндірісті қалдықсыз ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Мәселен, бір цехтің өнімі екінші өндіріс үшін шикізат ретінде пайдаланылады. Терінің астыңғы қабаты мен қалдықтары коллаген өндіруге бағытталса, иленген қой терісі дайын бұйымдар тігуге қолданылады.
Жобаның жалпы инвестициялық көлемі 2 млрд 950 млн теңгені құрайды. Өндіріс іске қосылған жағдайда 150 тұрақты жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.
Облыс әкімінің орынбасары Думан Оспанов жобаға әкімдік тарапынан қолдау көрсетілетінін атап өтті. Алдағы кезеңде қаржы институттары жаңа өндірісті қаржыландыру тетіктерін қарастырып, нақты ұсыныстар енгізеді.



