Басты жаңалық

Полиция автопаркі 137 көлікпен толықты

Семей қаласында Абай облысы полиция департаментінің қызметкерлеріне 137 қызметтік автокөліктің кілті салтанатты түрде табысталды. Рәсімге облыс әкімі Берік Уәли қатысты.

Өңірде құқық қорғау органдарын материалдық-техникалық тұрғыда нығайту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Соның нәтижесінде биылғы үш айда құқық бұзушылықтар саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 18 пайызға төмендеді. Атап айтқанда, тіркелген құқық бұзушылықтар саны 1394-тен 1143-ке азайған. Қоғамдық орындарда жасалған құқық бұзушылықтар да төмендеп, 246-дан 184-ке қысқарды. Сонымен қатар анықталған әкімшілік құқық бұзушылықтар саны артқан.

Жүргізіліп жатқан жұмыстардың жалғасы ретінде полиция қызметіне KIA Cerato, Elantra, JAC және Cobalt маркалы жаңа автокөліктер берілді.

Салтанатты шарада аймақ басшысы бұл техникалардың полиция қызметінің тиімділігін арттыруға бағытталғанын атап өтті.

«Бүгін табысталып отырған техника – полиция қызметін жаңғырту және қызметкерлерге қолайлы жағдай жасау бағытындағы кешенді жұмыстың бір бөлігі. Бұл қоғамдық қауіпсіздікті күшейтуге, полиция жұмысының жеделдігі мен тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді», – деді Берік Уәли.

Аймақ басшысы құқық қорғау саласын қолдау жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button