Спорт

Семейлік балуан жүлдемен оралды

Семей қаласының әуежайында грек-рим күресінен Азия чемпионатының қола жүлдегері Нұрсұлтан Тұрсыновты салтанатты түрде қарсы алды. Спортшыны жанкүйерлер, жақындары және қала тұрғындары жылы қарсы алып, құрмет көрсетті.

Қырғызстан астанасы Бішкекте өткен Азия чемпионатында 87 келіге дейінгі салмақта үшінші орын үшін белдесуде Нұрсұлтан Тұрсынов түрікменстандық Довлетмұрат Байрамовпен кездесті. Қазақстандық балуан қарсыласын мерзімінен бұрын жеңіп, құрлық біріншілігін қола жүлдемен аяқтады.

Айта кетейік, осы жарыста 77 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Қахарман Қисыметов те қола жүлде үшін белдескен болатын. Алайда ол өзбекстандық Дониерхон Накибовқа есе жіберді.

Нұрсұлтан Тұрсынов – халықаралық аренада тәжірибесі мол спортшы. Ол бұған дейін Азия чемпионатында жүлдегер атанып, Токио Олимпиадасына қатысқан.

Семейліктер спортшының жетістігін ерекше атап өтіп, алдағы жарыстарда да сәттілік тіледі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button