Президент: Тазалық – ортақ жауапкершілік

Ақордада өткен жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасының мәніне тоқталды.
Президенттің айтуынша, бұл бастама тек қала мен ауылды абаттандырумен шектелмейді. Негізгі мақсат – қоғамдық сананы жаңғырту.
– Қоғамда тазалықты сақтау, қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастыру аса маңызды. «Таза Қазақстан» жобасы арқылы азаматтарды ел тағдырына бейжай қарамауға шақырамыз, – деді Мемлекет басшысы.
Тоқаев бұл жоба халықты Отан болашағына жауапкершілікпен қарауға және оны бірге қалыптастыруға үндейтінін атап өтті.
Сонымен қатар Президент Қазақстанның жаһандық бәсекеге қабілетті елге айналғанын айтты.
– Жауапкершілік, әділдік, өзара құрмет бар жерде ғана даму болады. Біздің басты жетістігіміз сапалы адам капиталы, – деді ол.
Мемлекет басшысы аталған құндылықтар ел дамуының негізгі тірегі екенін жеткізді.



