Ауыл әкімдерінің әлсіз тұсы

Астанада басталған жаңа білім беру бағдарламасы ауыл әкімдерінің басқарудағы әлсіз тұстарын ашық көрсетті. Енді басты міндет — жергілікті басқару сапасын нақты нәтижемен арттыру.
Бүгін елордада «AMANAT» партиясының кадрлық әлеуетті дамытуға арналған білім беру бағдарламасы іске қосылды. Жиынға Парламент Мәжілісінің өкілдері қатысып, өңірлерден келген спикерлер өзекті мәселелерді көтерді.

Абай облысының әкімі Берік Уәли өз баяндамасында бұл бастама тек оқыту емес, басқару сапасын жүйелі түрде жақсартуға бағытталған маңызды қадам екенін атап өтті. Оның айтуынша, ауыл әкімдері бүгінде сайлау арқылы келгенімен, олардың басқарушылық тәжірибесі біркелкі емес.
Өңірде 138 ауылдық округ пен кент, сондай-ақ аудандық маңызы бар 2 қала бар. Жалпы бюджет көлемі шамамен 15,9 млрд теңгені құрайды. Алайда оның 69 пайызы жоғары тұрған бюджеттен бөлінетін трансферттер. Тек 50-ге жуық ауылдық округ қана өз кірістері есебінен даму бағдарламаларын жүзеге асыра алады.

Бұл көрсеткіштер салық базасын кеңейту, бюджеттік жоспарлау және инвестиция тарту бағытында біліктілікті арттыру қажеттігін көрсетеді. Осыған байланысты арнайы оқу модульдері енгізіліп, әкімдердің кәсіби деңгейін көтеру көзделуде.
Сонымен қатар, бағдарлама мәслихат депутаттарының да жұмысын күшейтуге бағытталған. Жоба басқарушылық дағдыларды дамытуға, стратегиялық ойлауды жетілдіруге және нақты нәтижеге жұмыс істеуге негізделген.
Айта кетейік, оқыту жұмысы алғаш рет Абай облысынан басталады.



