Футзал үздіктері анықталды

Семейде «Студенттік көктем–2026» аясында өткен облыстық футзал турнирі қорытындыланып, жеңімпаз командалар анықталды. Абай облысында ұйымдастырылған жарыс тек спорттық бәсеке емес, жастар арасында заң мен тәртіп қағидаларын насихаттап, қоғамдағы тұрақтылық пен қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға бағытталды.

Турнирге жоғары оқу орындары мен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының командалары қатысып, тартысты ойындар өтті. Алаңдағы тәртіп, өзара құрмет пен жауапкершілік — жастардың кез келген теріс, оның ішінде радикалды идеологияларға қарсы берік ұстаным қалыптастыруының маңызды негізі екені байқалды.

Қорытынды бойынша жоғары оқу орындары арасында І орынды Шәкәрім университетінің құрамасы иеленді. Ал техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары арасында І орын М.О. Әуезов атындағы педагогикалық колледж командасына бұйырды.
Ұйымдастырушылар мұндай іс-шаралар жастарды спортқа баулумен қатар, олардың құқықтық санасын арттырып, заң мен тәртіпті құрметтеу арқылы қоғамдағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.



