Аягөзде жас өнертапқыштарға жол ашылды

Абай облысының Аягөз ауданында «Жас техниктер станциясы» жаңғыртылып, заманауи технологиялық бағыттағы жаңа орталық пайдалануға берілді. «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен жүзеге асқан жоба ауыл оқушыларының қосымша білімге қолжетімділігін кеңейтіп, олардың инженерлік, цифрлық және шығармашылық қабілеттерін дамытуға бағытталған.
Жаңартылған орталықта CyberLab, робототехника, дрон басқару, қыш өнері және тігін ісі бағытындағы кабинеттер жаңа құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілді. Сонымен қатар 3D модельдеу және басып шығару, зымыран жасау және ұшқышсыз ұшу аппараттары, фото және бейнемонтаж, вокал және дыбыс жазу, техникалық шығармашылық пен цифрлық технологиялар бағытындағы жаңа үйірмелер ашылады.

Жоба аясында бүгінде 13 үйірме жұмыс істейді. Оның ішінде робототехника, автомодельдеу, авиамодельдеу, алғашқы техникалық үлгілеу, сәндік-қолданбалы өнер, тігін ісі және спорттық туризм бағыттары жаңғыртылған. Қазіргі уақытта үйірмелерге 216 оқушы қатысып жүр. Ал жаңа бағыттар іске қосылғаннан кейін тағы 212 бала қамтылып, бір мезетте білім алатын оқушылар саны 428-ге жетеді.
Орталықтың ашылуымен қатар Аягөз ауданында алғаш рет «DIGITAL URPAQ: AYAGOZ 2026» технологиялық және шығармашылық фестивалі өтті. Іс-шара Мемлекет басшысының цифрландыру мен жасанды интеллект саласын дамыту жөніндегі тапсырмалары аясында ұйымдастырылды.
Фестиваль барысында халықаралық FIRST стандарттары бойынша робототехника жарыстары, дрон сайыстары, шеберлік сабақтары, инновациялық жобалар көрмесі және медиа-челлендж ұйымдастырылды. Сонымен қатар қатысушыларға арналған концерттік бағдарлама ұсынылды. Шараға облыстың бірнеше ауданынан келген оқушылар, педагогтер, STEM мамандары мен жаттықтырушылар қатысты.

Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген Абай облысының әкімі Берік Уәли:
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Біз цифрлық дәуірдің мүмкіндіктерін пайдаланып, жас ұрпақты жаңа технологияларға бейімдеуіміз керек», – деп атап өткен болатын. Бүгінгі ашылып отырған орталық – осы стратегиялық бағыттың айқын жемісі. Себебі, бұл жай ғана мекеме емес, бұл – жас таланттардың қиялына қанат бітіретін, ғылым мен өнер тоғысатын киелі шаңырақ болмақ, – деді.
Жоба «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен жүзеге асырылып отыр. Сонымен қатар бастамаға Абай облысының білім басқармасы, облыстық «Дарын» ғылыми-әдістемелік орталығы, «USTEM Foundation» және «Батыр Боламын!» қорлары қолдау көрсетті.



